Дактиль
Айнагүл Садықова
Әдеби сыйлықтың финалисті Айнагүл Садықовамен сұхбат - роман қалай пайда болды, әйелдер неге аз жазады және оны қалай түзетуге болады. Әңгімелескен Алишер РАХАТ.
- Сәлеметсіз бе, Айнагүл ханым! Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын! Мен сіздің шығармаңызбен «Меценат.кз» жобасы арқылы таныстым. Анығырақ айтсам, «Mecenat.kz» жобасының ұйымдастырушылары менен қазақша үш романды оқып, пікір білдіруімді сұрады. Содан «Күлпет», «Қарыз бен Парыз», «Күзгі әуен» атты үш романды оқып шықтым (жеңімпаз атанған «Күлпет» романы туралы пікірімді журналымыздың алдыңғы номерінде жарияладық). Ол жерде авторлары көрсетілмеген, өзіңіз білетіндей. Шынымды айтсам, мен сіздің романыңызды оқып отырып, «осыны ұстазым – Сұлтанәлі Балғабаев жазды ма екен?!» деген ойға қалғаным рас. Өйткені кәсіби деңгейде жазылыпты. Әрі сюжеттің шиеленісуі, образды көбіне диалог арқылы ашуыңыз «драматург жазған роман емес пе екен?» деген сұрақ тудырды. Марапаттау күні ғана бұл шығарманың авторы сіз екеніңізді білдік және сіздің алғашқы туындыңыз екенін естігенде таң қалғанымды жасырмаймын. Бұл шығарма өмірге қалай келді? Әңгімелеп беріңізші.
- Мен де сізбен танысқаныма өте қуаныштымын. Жаңағы пікіріңізге рақмет! Сұлтанәлі ағамыз әдебиеттен ойып орын алған қаламгердің бірі, сондықтан мен үшін бұл – зор мәртебе.
«Күзгі әуен» – музыка, музыкант, адамның ішкі әлемі туралы роман. Прототипі – туған анам. Ол кісі сырт көзге жарқылдап-ақ өтті. Бірақ осы бертінге дейін, біз есейгеннен кейін де, әлдебір үмітпен кәсіби үлкен сахна жаққа елеңдеп, одан кейін – үміті үзіліп – іштей мүжіліп, өкініп, ақыры, сол құсамен дүниеден озды. Онысын ашып айтқан емес, бізді аяп өзінше сездірмеуге тырысатын. Бірақ жазушыға өте-мөте керек қасиеттердің бірі сезімталдық, байқампаздық десек, әрине, соның бәрі менің көңілімде, жүрегімде қатталып қалып қойды. Кейін талантын әрқалай себеппен тұншықтырып алған талай жандарды кезіктірдім. Өзім де, міне, елуге тақаған жасымда ғана алғашқы дүнемді жарыққа шығардым. Сондықтан, аталмыш романды Құдай берген талантының қызығын көре алмаған барша мұңлықтарға құрмет пен ескерткіш деп қабылдауға болар.
Бұның сыртында романның тууына ықпал еткен және бір жайт – осыдан он-он бес жыл бұрын белгілі актер, режиссер Досхан Жолжақсынов ағама шешеме қатысты бір оқиғаны айтып бердім. Сонда аңғарымпаз аға «Ойбау-ау, мынауың сахнаға сұранып тұрған дүние ғой. Сен осыны жазсаңшы» деді. Сол да түрткі болып, осыдан кейін-ақ мен діттеп, әр кез, әр жылдары шығарманың идеясын, сюжетін, атын жайлап ойластыра бастадым. Бірақ тек көкейге түйе бердім, қағазға түскені – осы биыл.
Енді жаңағыдай «кәсіби деңгейде жазылған» деген сыңайдағы пікірді өзіңізден бөлек тағы бір рецензент айтыпты. Әрине, әзірше тым жоғары баға шығар. Дегенмен дайындықпен,көп идеямен, тіпті, сағынышпен сусап келгенім рас. Жазуға ыңғайым бары бала кезімнен байқалған. Түрлі себеппен жазушылыққа бірден ден қоя алмасам да, әдеби, ғылыми ортада, одан соң өмірдің қайнаған ортасында шыңдалдым. Айтарым көп.
- Әдеби конкурстар әдебиетшінің потенциалын көрсететін алаң. Әрі ақшалай сыйлық – үлкен мотивация. Байқасаңыз, соңғы жылдары әдеби конкурстар көбейіп келеді. Бұл алдағы бес-он жылдықта нәтежиесін береді деп санаймын. Өйткені өмірге жүздеген, мыңдаған шығармалар келеді. Саны өскен сайын, сапасы да жоғарылай бермек. Сапа көтерілген соң, бір-бірімен жарысқан авторлар шедевр жазатыны да анық. Мысалы, «Mecenat.kz» -тің өзіне алпыстан астам роман келіп түскен. Яғни бір әдеби бәйге қазақ руханиятына алпыс роман әкелді. Осы конкурс жайында айтсаңыз.
- «Mecenat.kz» конкурсы болмаса, жаңағы роман жазылар ма еді, жазылмас па еді? Бұл конкурстың мен үшін маңызы қандай екенін осыдан-ақ біле беріңіз. Алғаш конкурс жүлдесі қомақты екенін білгенімде, жеңсем, тұрмыс қамыты жеңілдер, жазудан басқаға айналмауға мүмкіндік туар деген үмітпен бәрін ысырып тастап, жазуға отырдым. Конкурста жеңбедім, бірақ екі турдан өтіп, үздік ондыққа іліндім (4-орын). Жаңа бастаған адамға бұл жақсы серпін екен. Әмбе конкурс аяқталған соң да,осы салмақты сайыстың ұйымдастырушылары, әсіресе, тікелей жетекшісі Ерлан Асқарбеков мырза тарапынан жақсы қолдау көрсетіліп жатыр. Ал, ең үлкен пайдасы – мен шығармашылық жолға нықтап түстім. Оның ештеңемен салыстыруға келмес қуанышын сезіндім. Әдеби үдеріс мені үйіріп әкетті. Оның бір көрінісі, бастамасы – осы екеуміздің сұхбатымыз. Енді одан айырылғым жоқ. Міне, бұл конкурс менің өмірімдегі жаңа белестің баспалдағы, табалдырығы іспетті. Мен таза осы конкурстың өнімімін. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ.
- Кейбір әдебиетшілер «проза жазу әйел адамның қолынан келмейді» деп ойлайды, ашық айтып жүргендері де бар. «Бұл бір ауыр жанр» деп, әйелдер қауымын аяған сыңай танытады. Бірақ қазақ жазушы әйелдерінің «Аманат» атты әңгімелер жинағы Америка Құрама Штаттарында ағылшын тілінде жарық көрді. Ол антологияға әлемнің көптеген әдеби сыншылары пікір білдіріп, жылы қабылдап жатыр. Жазушы Сәуле Досжанның кітабы жақсы оқылатынына, көп сатылатынына куә болдым, әрі автордың шығармалары бірнеше шет тілдеріне аударылған. Жазушы Бақытгүл Сәрмекова Америка ПЕН-клубы ұйымдастырған әдеби бәйгеден бас жүлделі болып, кітабын басу үшін Лондондағы баспа сатып алды. Ең қиын жанр саналатын драматургиядан ВВС ұйымдастырған радио пьесалар конкурсында Айнұр Кәрім бас жүлделі болды. Демек қазақ қыздары «ауыр жанрдың» өзін абыроймен еңсеріп жүр. Сіздің де алдағы уақытта әдебиетке қалтқысыз қызмет ететініңізге сенемін! Ал енді сізге соңғы сұрақ. Әдеби ортада осылай ер/әйел деп бөлгенін өзіңіз көрдіңіз бе? Бұндай стереотиптерден құтылудың жолы қандай?
- Бұл, бір жағы, жаны бар пікір. Бірақ қабілет-қарым тарабында емес. Әрине, жаңағы солай деп жүргендер қабілет мағынасында айтады ғой, мен оған қосылмаймын. Ол бекер сөз, таланттың жынысқа, байлыққа, басқаға да қатысы жоқ. Мен басқа жағын айтайын деп отырмын. Әйел адамның талантын, көбіне, тұрмыс бұғаулайды. Иә, шығармашылыққа ерте жарықтан кірісіп (ерте деген де – шартты, біреулер үшін ол дер кезі), «ә» дегеннен татымды дүниелер берген, құрметке лайық қыздар, әйелдер қаншама. Олардан үлгі алу керек. Дегенмен, дегенмен... Нюанстар жетеді. Ал, бұндай жаңсақ пікірден құтылу мәселесіне келсек... Бұндай сыңаржақ пікірді жеке басының әйел затына байланысты өкпесі, қыжылы, сондай-ақ адамды әйел, еркек деп жіктеуден әрі аспайтын тұлғалық деңгейге жетпегендер, өспегендер айтатын болар. Әйтпесе, жыныстық, тұрмыстық, бәлен-түген ерекшеліктерден жоғары тұрған тұлға биігіндегі адам бәленбай ғасырлық тарихымыздағы ел билеген, әскер басқарған, ғылыми жаңалық ашқан, өнерді өрге басқызған, әлемге танылған алып әйелдерге топырақ шашар ма еді, оның бер жағында сонау көнеден күні бүгінге дейін ерлермен тізе қосып, кейде еркектен асып түсіп, қаншама қиындықты еңсеріп келе жатқан қарапайым қазақ әйелінің өр һәм ер бейнесін жоққа шығарар ма еді? Осы жекелеген мысалдарға қарап-ақ, жалпы әйел қауымының әлеуетін шамалауға болады ғой? Мәселе санда емес қой? Әлде әйелдер бас-басына бастық, батыр, ақын-жазушы болса ғана, бұл сөз тыйыла ма? Теңіз – тамшыдан, бір ғана еркектің,бір ғана әйелдің азаматтығына қарап, ерлердің де, әйелдердің де, одан әрі адам деген саналы жаратылыс иесінің қасиеті бағамдалып, асқақтата жырланады.Сондықтан, у бар жерде у сойқы да бар – жаңағыдай пікірдің тамырын анықтап, жеке бастың кілтипаны болса – сөз басқа, ал, қоғамдық мәселе болса, өршімесін күйттеп, қауымға қазақ әйелінің адами, аналық, тұлғалық келбетін аша, насихаттай түсу керек болар. Құдай жазушылық әлеуетпен жаратқан әйелдер әлдеқайда көп екеніне, сан мен сапа жағынан ерлермен тең екеніне және «Наполеон бес жасында өліп кетсе де, Наполеон болып қалады» дегендей, өмірі жазбай кетсе де, талантын жарқыратып көрсету бақытына ие болғандармен тең тұратынына сенімдімін. Ал, «олар неге жазбайды» деген – астары мұңлылау мүлде басқа тараптағы әңгіме. Қаламгер де қоғамдық пікірді, қоғамды қалыптастырады. Жаңағыдай сөз таратушылар мәселені зерделеп, себептерін, оны шешудің амалдарын ашып, салиқалы сөз айтса, шіркін, өрелі ой үлгісін танытар еді.
- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға алғысымды білдіремін! Сізден тағы да роман күтеміз!
- Осы сөз болып отырған роман жазылғалы ең бірінші, міне, сіздермен, сіздердің оқырмандарыңызбен сыр бөлісіп отырмын. Сондықтан, өзіңізге және осы журнал ұжымына көп рахмет!
Айнагүл Садықова – жазушы, аудармашы. «Күзгі әуен» романының авторы. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың, филология факультетін бітірген. ҚР Жазушылар Одағының мүшесі. Ғылым магистрі. Абай атындағы ҚазМПУ филология факультетінде оқытушы, «Хабар»,«Первый канал Евразия» телеарналарының дубляж бөлімінде аудармашы, редакторлық қызмет атқарған. Келісімшарт негізінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы, М.Әуезов атындағы драма театрының аудармашысы. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Т.Уайлдердің «Сегізінші күн» романын, Ф.Кафканың «Құбылу» новелласын, А.Маршалдың «Мен шалшықтан секіріп аттай аламын» атты повесін аударған («Аударма» баспасы). Жапон жазушысы Акутагава Рюноскэнің бірнеше әңгімесін аударған және аталмыш томның алғысөзін жазған (әлемдік балалар әдебиетіне арналған 50 томдықта жарияланған «Жапон жазушыларының балаларға арналған шығармалары» атты том, «Балауса» баспасы), Қазақстандық жазушы Л.Калаус, мифолог З.Наурызбаеваның «Алтын тостағанды іздеу: Бату мен оның достарының бастан кешкендері» атты повесін аударған. «Фолиант» баспасының тапсырысымен Джо Диспензаның «Сила подсознания» атты бестселлерін аударған («Фолиант» баспасы); Лесковтың «Хайуан» әңгімесінің аудармасы үшін 2004-жылғы Республикалық Жас жазушылар, сыншылар, эссеистер мен аудармашылар байқауының «Көркем аударма» номинациясы бойынша бас жүлдегері («Раритет» баспасы). 2022-жылғы Mecenat.kz конкурсының финалисі (шорт-парақша).